Жоғалып кеткен жасөспірімдер табылды
Түркістан облысы полицейлері жоғалған кішкентай қыздарды тауып, отбасына тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның 11 жасар қызы сағат 17:00 шамасында үйлеріне қыдырып келген 6 жасар қызды ертіп белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Ата-анасы өздері іздеп таппаған соң, полицейлерге хабарласып, із-түссіз жоғалған қыздарды тауып беруге көмек сұраған. Аталған жайт полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалып кеткен жасөспірімдерді іздеу жұмыстары жүргізілді.
Оқиға орнына Сарыағаш АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы Мұрат Пернешов, инспекторлармен бірге шығып, көрген-білгендерден жауап алып, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Тәртіп сақшылары қыздардың суретін көрсете отырып, сол аумақтағы барлық көшелер мен аулаларды мұқият қарап шығып, өтіп бара жатқан адамдардардан сұрастырды.
Үш сағатқа созылған қажетті іс-шаралар нәтижесінде, жоғалып кеткен кішкентай қыздар өз үйінен 10 шақырым қашықтықта Сарыағаш қаласындағы көшелердің бірінен табылды. Тексеру барысында 11 жасар қыз анасы ұрысқандықтан шығып кеткенін жеткізді. Полицейлер табылған жасөспірім мен кішкентай қызды үйіне қайтарып, әкесіне аман-сау күйінде тапсырды.
Қыздың әкесі Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне, оның ішінде Мұрат Пернешовке алғысын білдірді.
– Жұмыстан келгенімде үйде болмай, аяқ асты жоқ болған қызымды, қыдырып келген туысымды тауып, әкеліп бергендеріне ризамын. Жұмыстарына табыс тілеймін. Әрқашан осылай халықтың қорғаны болып жүре беріңіздер, – дейді қызымен, кішкентай туысымен қайта қауышқан тұрғын.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Оған қоса өтпелі кезеңдегі балаларыңызбен барынша ашық сөйлесуге кеңес береді.