Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шаралар қабылдануда

Нұр-Сұлтанда жол қозғалысын ұйымдастыру қағидалары кезең-кезеңімен жетілдірілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұндай шаралар мемлекеттік органдармен бірлесе жүргізіледі және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Елорданың бас полицейі Ержан Саденов биыл жол қозғалысын ұйымдастырудың қолданыстағы сызбасын өзгерту бойынша жұмыстар атқарылғанын және қолданысқа жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары енгізілгенін атап өтті.

Мысалы, 23 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткеліне және 8 қиылысқа бағдаршамдар орнатылды,16 жаяу жүргіншілер өткеліне жарық орнатылды, 8 жол қиылысында бағдаршамдарға қосымша секциялар орнатылды.

Елорданың жол қозғалысын ұйымдастыруға өзгерістер биыл кезең-кезеңмен енгізілді, ол шетел тәжірибесі бойынша пилоттық жоба шеңберінде іске асырылуда.

Қазіргі таңда 19 қиылыста сол жаққа бұрылуға және кері бұрылуға тыйым салынды, бұған қоса 13 учаскеде балама ретінде кері бұрылудың қауіпсіз орындары жасалды. Осындай жұмыстар тағы екі учаскеде жүргізілуде.

2020 жылы Уәлиханов-Сейфуллин көшелерінің қиылысында (Артем, Магнум СҮ) алғашқы диагоналды жаяу жүргіншілер өткелі қолданылды. Мұндай жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің басқалардан ерекшелігі барлық автокөліктің қозғалысы қиылыста уақытша тоқтатылып, жаяу жүргіншілерге бір уақытта барлық бағыттағы қиылыстарға, оның ішінде диагональ бойынша бір уақытта өтуге мүмкіндік беруінде. Бұл жаяу жүргіншілер үшін өте ыңғайлы, әрі қауіпсіз. 

Балалардың жол-көлік оқиғаларының салдарынан жарақат алуының алдын алу мақсатында білім беру объектілеріне жақын орналасқан 69 учаскеде ақ – сары түсті жол белгісі салынды, 92 учаскеде жасанды жол кедергілері мен сары түсті жол белгілері қойылды. Отырар 8/1 және Желтоқсан көшелеріндегі балабақшалардың қасында жүргізушінің назарын аудару үшін жаяу жүргіншілер өтпесіне дейін бірнеше метр жерде ирек сызықтар салынды. Барлық бағдаршамдарда аралық такт уақыты көбейді (сары, жасыл сигналдар 4-5 секундқа дейін ұлғайды).

Қабылданған шаралардың нәтижесінде реттелетін қиылыстарда жасалатын жол-көлік оқиғаларының саны 55 пайызға қысқарды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру