Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жолаушылар пойызының әйнегін сындырған оқушының ата-анасына айыппұл салынды

Жолаушылар пойызының әйнегін сындырған кәмелетке толмаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сәуір айының басында Шымкент-Астана бағытына қатынайтын жолаушылар пойызы Тараз қаласына кіре бастағанда белгісіз тұлға жолаушылар вагонының терезесіне тас лақтырып, сындырған. Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы құқық бұзушылықты жасаған 6-сынып оқушысын анықтады. Жасөспірім кінәсін мойындады.

Полиция қызметкерлері оқушының анасына қатысты өзінің кәмелет жасқа толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Материал қару үшін Жамбыл облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

10 сәуірде сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК (73840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

– Теміржол – аса қауіпті аймақ! Теміржол ойын алаңы емес! Азаматтардан теміржол аумағында қауіпсіздік ережелерін сақтауды, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраймыз, – дейді көлік полициясы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру