Жолда қалған жүк көлігіне полицейлер көмектесті
СҚО полицейлері жолда тоқтап қалған екі жүк көлігінің жүргізушілеріне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екатеринбург-Алматы автожолының 776 шақырымында Челябі қаласынан елордаға бет алған «MAN» жүк көліктерінің екі жүргізушісі Ғ. Мүсірепов ауданындағы айдалада екі тәулік бойы тоқтап тұрған. Жүк көлігін басқаратын компьютер істен шыққан екен. Бұл күндері олардың қасында СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері болды. Жолда тоқтап қалған жүк көлігі туралы хабарламаны полицейлерге 27 желтоқсанда жүргізушілер жеткізген екен. Тәртіп сақшылары оларға ыстық шай беріп, қастарында ауысым ауысыммен кезекшілік атқарған. Жүк көлігінің иесі келіп, көліктің жағдайын тексерген және жөндеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған. Полицейлер көлікті сүйреуге қажет техника табуға көмектескен.
– Мұндай жағдайларда біз жол-пайдалану учаскелерінің басшылығына жүгінеміз, – деп түсіндірді СҚО Полиция департаменті ППБ қызметкері Марат Шегенев. – Осы жолы ЖПУ техникасы қар тазалауға жұмылдырылған екен, алайда, Рузаевканың кәсіпкері Евгений Горбань көмек қолын созды. Онда тартқыш, кран, жүк тиегіш бар. Ол жолдағы жүргізушілерге көмек көрсетіп келеді. Кәсіпкер көлікті кәсіпорынның тұрағына қалдыруды ұсынды, «MAN» көлігі Рузаевкаға жеткізілді.
Сондай-ақ Мамлют ауданында полицейлер отын жүйесі істен шыққан «КамАЗ» көлігінің жүргізушісіне көмектесті. Батальон қызметкерлері оны жылы киіммен, ыстық тамақпен, жөндеуге қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта жүргізуші Петропавлдан әкелінетін көлік бөлшегін күтіп отыр.
– Аязды күні жолда орын алып жататын осындай жағдайлар жүргізушілерге қиындық тудырады, – деді СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев. – Жолға шығуды кейінге қалдыруға мүмкін болмаған жағдайда, жүргізушілер жолға дайындалып шығуы тиіс. Көліктің жолға жарамды екеніне көз жеткізіңіздер, оған тек қысқы отынды құйыңыздар. Өзіңізбен бірге жылы киім, сүйреуге қажет құрал-жабдықты алуыңыз керек. Сондай-ақ сіріңке мен шырақ алған жөн – салондағы температураны ұстап түруға көмектеседі. Телефонды қуаттандыруға арналған құралды алу қажет. Жолда сақ болыңыздар, полицейлер мен құтқарушылардың ескертулеріне құлақ асыңыздар.
Ауа райы болжамы бойынша жаңажылдық мереке күндері өңірде күн суытуы күтілуде.