Жолдау жүктеген жауапкершілік
1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерге орай «ҚР Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-нің бас директоры Әлімжан Жарылқағанов өз ойымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел болашағына нақты бағдар көрсетіп берген маңызды құжаттың екі тұсына ерекше тоқталғым келеді.
Оның алғашқысы – «халық үніне құлақ асатын» әділетті мемлекет құру тұжырымдамасы.
Президент азаматтардың заңды мүддесін қорғау жолында әділеттіліктің бірінші орында тұратынын тағы да еске салып өтті. Жолдауда халықтың мұң-мұқтажы, сұрақтары мен мәселелерін шешуде заң үстемдігі берік ұстанбаса, елдің ешбір саласы алға қарай жылжымайтыны анық айтылды. Осы тұрғыдан келгенде құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне артылар жауапкершіліктің арта түсетіні түсінікті.
Екіншісі – ұлттың сапасын арттыру туралы ойы. Биылғы Жолдауда «жаңарған ұлт» деген жақсы ұғым айтылды. Президент ерекше акцент қойып отырған «Ұлттың жаңа болмысы» дегеніміз не? Ол – сапалы білім, мықты экономика, денсаулық, заңның үстемдігі, адал еңбек.
Уақыттың талабы күн санап өзгеруде. Дүниежүзін дүрліктірген пандемия мен әлемдік экономиканың құлдырауы біздің де осал тұстарымызды көрсетіп берді. Әлем өзгерді, демек, бізге де ұлт ретінде, қоғам, халық тұрғысынан жаңа сапаға қадам басқанымыз дұрыс. Бұл – бүгінгі күннің талабы.
Ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген Президенттің халыққа биылғы Жолдауы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталады. Осы атаудың астарында да талай мән жатыр. Зерделей қарасақ, маңызды құжат тек елге жол сілтемейді, заман мен уақыттың қатал сынына төтеп беруде нақты не істеу қажеттігін, сол жолдан қалай сүрінбей өту керектігін көрсетіп береді. Ал ол үшін құжатта тайға таңба басылғандай жазылған «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі мықты болуы керек.