Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тіл – мемлекет тірегі

Тіл – көпір, достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы. Еліміздегі тілдік қатынастар да осы ойға қызмет етуде. Ал мемлекеттік тіл – мемлекетті құрған тұрғылықты халықтың тілі. Ол – мемлекеттің табан тірейтін темірқазығы, тірегі, ең таза, ең асыл қасиеті болуы керек. Тіл – халықтың өткенін, бүгінгісін және келешегін жалғайтын алтын көпір.

Шығыстың бір данышпаны: “Дүниені түзеткің келсе,әуелі өзің түзел, сонан соң балаң мен достарыңды түзе”, – деген екен. Осы орайда тіл тазалығы турасында Ғ.Мүсіреповтің “Авгийдің ат қорасынан бастайық” дегені бар еді, ендеше “дала рыцары” атанған, талғампаз халқымыздың мемлекеттік тілінің тазалығын, орамды бай тіркестерінің жасампаздығын қамтамасыз етуге барымызды салайық. Төгілген сөз, тартымды тіркес, әдемі орам кімнің де болсын айызын қандырары сөзсіз. Халықтың тілінің кеми бастауына, бұзылуына жол бермеу керек. Тілімізге жанымыз ашитын болса, оны қадірлейік, өзгелерге де қадірлетейік.

Шындығында, әрқайсысымыз болашақ алдында, келер ұрпақтың алдында зор жауапкершілікті сезінуіміз керек. Тіл – халықты қожыратпаудың қуатты қаруы, ұлтты тұтастандырудың тетігі болуы тиіс. Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры-ел тағдыры. Бұл- бәріміз үшін тарихи жауапкершілік. Тіл-ел бірлігі, ел тұтастығы, ұлттың тірегі. Дүйім жұртты дуалы аузымен қаратып, даудың басын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен бабаларымыздың өсиеттері бұл күндері қоғамның тіл бірлігін шешуге де міндеттейді. “Қазақстан – 2030” Стратегиясында “2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс” деген міндет қойылды. Алайда, шындықты айту- шырықты бұзу емес. Жікшіл ел жетпей мақтайды деген. Тіл мүддесі кей кездері аяққа тапталуда. “Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады”, – деген емес пе еді білетін кісілер.Текті, дегдарлы халықтың ұшан-теңіз аңыз-ертегілері, қанатты әңгіме-жырлары кімді де болса таңдандырады…

Сондықтан ұлтымыздың, ана тіліміздің мүддесін қорғау үшін ең алдымен керегі-табандылық, патриоттық сезім және зор жауапкершілік.Қазақ тілінің болашағы-әрбір қазақтың міндеті, мүкіс тілді қандастарымыз өз тілінде сөйлесе, өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілде сөйлер еді. Тіл саясаты –ел саясаты. Сондықтан қай елдің атақты тұлғасын айтсаңыз да, ешқайсысы тілді айналып өтпеген.

Елдік мүдде безбенге салынған мәурітте марғаулық көрсетпей,өз таңдауымызды жасап,белсенділік танытайық. Қазақстандық бірліктің басы – қазақ тілі екендігі анық. Бірлікке жеткізер тіліміздің болашағы жарқын болсын. “Талаптының тоқпағы тасқа шеге қағады”, – деп батыр қазақ Б.Момышұлы айтқандай,тек талап болсын, қажеттілік болсын деп тілейік.

Мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттыра беру қажет.Оны білуге, үйренуге ықылас артуы тиіс. Ұлттық кадрларды осы тілде даярлау қажет. Мәселен, көрші Ресейде орыс тілін, Жапонияда жапон тілін білмейтін маман кадрлар даярланбайды ғой, бізде де соны қажеттілікке айналдырсақ. Көптеген мекемелерде мемлекеттік тілге қатысты құжаттардың бар ауыртпалығын аудармашылар көтеруде. Ал заңнама талаптары басқаша. Бұл күндері, бір құптарлығы, бізде мемлекеттік тіл саясатын түсіндіру, насихаттау, қызметкерлердің кәсіби дәрежесі мен мемлекеттік тілді білу, меңгеру деңгейін арттыру, қоғамдық өмірдің барлық саласында кең пайдалану жағдайы соңғы жылдары кең қозғалып жүр, осы бағыттағы жұмыстарға айырықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттік тілді заң саласының күнделікті іс қағаздарына кеңінен енгізудің әдістерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік тіл – республика халқын тұтастық пен бірлікке шақыратын тіл,сондықтан оны тұтастай қолдануға қол жеткізген жөн,ол барлық қимыл-қарекетімізге қуат береді. Бұл әрбір азаматтың парызы деп білу керек, тіл тағдыры бар адамға ортақ.

“Бастауы бар бұлақ ұзақ ағады”, “Бұтағы көп ағашқа құс қонар” демекші жүзі басқа жүрегі бір ұлттардың басын біріктіріп,сан тілекті бір тілекке бағындырған шебер саясаттың арқасында осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру – жұмысымыздың басымды бағыты.

Егемен еліміздің мемлекеттік тілі,сол мемлекетті құрған тұрғылықты халқының тілі,оның тағдыры- барша қазақстандықтарға ортақ игілік. Себебі ол тарихымызды,тұрмыс-тіршілігімізді жеткізетін елші,еліміздің азаматтары да осы мемлекеттік тілдің төңірегінде топтасуы керек. Біле білсек Қазақстандық патриотизмнің, елжандылықтың негізін қалаушы да-мемлекеттік тіл. Қоғамның толыққанды,тең дәрежелі адамына айналу үшін мемлекеттік тілді меңгеру керек екенін бәріміз түсінуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәртебесін үстем етіп,үстел басындағылардың сөйлеу тіліне айналдыру керек. Қазақ тілі басқару органдарының тіліне айналып,басқару жүйесі мемлекеттік тілде сөйлеу қажеттілігі туындауда. Басты білік- басшыдан, еңбек сәті-бірлікпен. Дамыған тіл мәдениеті-зиялы қауымның басымдылығы. “Ұлық болсаң – кішік бол” жайдақ тақпақ болмаса екен. Нағыз өнегелілік-өнегелілікке ұмтылу. “Көрінеді тілден түйсік білім де,біле білсең жарылқаушы-тіліңде” деген Ж.Баласағұн бабамыздың сөздері осындайда ойға түседі.

“Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген, күдеріден бау тағып, кіреуке сауыт киген” тарлан бабаларымыздың жерім, елім деп жан алысып, жан беріскен, қасиетті тұмардай сақтаған байлығын тебірене құрметтейік. Тілінен айырылған жұрт-жойылған жұрт. “Таудан арқасы бардың, тастан жүрегі болады” дегенге арқа сүйейміз, себебі бізді қолдаған Президент, Үкімет, халық бар. Ердің асылы ісінен білінеді. Шойын шайнап, шоқ түкіретін, халқы үшін түн қатып, түс қашып ел тыныштығын күзеткен ғажайып өршіл ерлердің арқасында ел айбыны, елдік қасиет танылады деп сенеміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру