Жол-көлік институтының түлектері жұмысқа шақырылды
Алматы полициясының бастығы Жолкөлік институтының түлектерін жұмысқа шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автокөлік-жол институтының оқытушылар құрамымен және түлектерімен кездесу онлайн режимінде өтті. Алматы қалалық ПД басшылығы ІІО қызметке қабылдаудың талаптары мен тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ, олар қаладағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және болдырмау, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал ететін инновациялық технологияларды енгізу туралы ұсыныстарды тыңдады.
– Алматы қаласының полиция Департаменті – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ең ірі бөлімшелерінің бірі. Бүгінгі таңда үлкен қала жағдайында жол қозғалысы саласындағы мамандарға, атап айтқанда, жол-техникалық инспекциясына мамандар қажет. Қаланың жол инфрақұрылымы жыл сайын жақсарып келеді, сондықтан жол қауіпсіздігі мәселелеріне білікті мамандарды тарту қажет, олар жаңа технологияларды ескере отырып, апаттар санын азайтуға және жалпы жолдағы жағдайды тұрақтандыруға тиімді әдістерді қолдана алады, – деді Алматы қалалық полиция Департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Сонымен қатар, полиция ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу шарттары туралы хабарлады.
Тиісті білімі бар және әскери қызметті немесе әскери дайындықты өткен 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары құқық қорғау органдарына қызметке қабылданады.
Ішкі істер органына өтініш білдірушілер Қазақстан Республикасының заңдарын (конституция, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Ішкі істер органдары туралы», ҚР ӘЖ, ҚК, ҚПК жайлы Кодекстер мен әдеп кодекс және т.б.заңдар бойынша), Тестілеу орталықтарында тестілеуге жолдама алу үшін кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласуы керек.
Кандидаттар аумақтық ішкі істер органдарының кадр қызметіне жүгінгеннен кейін тексеруге қажетті құжаттарды тапсырады.
Қызметке жарамдылығын анықтау үшін ішкі істер органдарына үміткерлер әскери-медициналық комиссияда медициналық тексерістен өтіп, дене шынықтыру стандарттарынан өтуі керек.
Келесі кезең – конкурстық іріктеу және сұхбат.
Сәтті іріктеуден кейін кандидаттар лауазымдарға стажер ретінде тағайындалады, және олардың әрқайсысына тәлімгерлер бекітіледі.
Бір айлық тәжірибе аяқталғаннан кейін тыңдаушылар таңдалған қызметтің ерекшелігіне байланысты 3-тен 6 айға дейінгі бастапқы дайындық курстарына жіберіледі.
Курстар аяқталғаннан кейін тыңдаушылар лауазымға бекітіліп, оларға «полиция лейтенанты» орта командалық құрамның бірінші арнайы атағы беріледі.
Бір жыл бойы жас маман бекітілген тәлімгермен бірге қызмет етеді.
Қазіргі уақытта полиция Департантінде жол қозғалысы саласындағы мемлекеттік инспекторлардың бос орындары бар.
Жас қызметкердің жалақысы шамамен 120 000 теңгені құрайды. Тоқсан сайын өз міндеттерін адал атқарған полиция қызметкерлеріне ақшалай сыйақы беріледі.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға құқылы.
Әр қызметкер бірыңғай формамен қамтамасыз етілген.
Барлық полиция қызметкерлері тегін медициналық көмек алады.