Жылқы ұрлаған келестік тұрғын ұсталды
Түркістан облысының полицейлері құны бес миллион теңгеге жуық жылқыларды жымқырған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында тәртіп сақшыларының қырағылығымен мал ұрлығы қылмысы ашылды. Нақтырақ айтар болсақ, Келес АПБ-ға ауыл тұрғыны жеті бас жылқысының ұрланғанын айтып арызданады. Арыз ҚР ҚК-нің 188-бабы (Мал ұрлығы) бойынша бірден тіркеуге алынып, полиция қызметкерлері оқиға орын алған жерді мұқият тексереді. Яғни күдіктіні анықтауға қатысты шаралардың барлығын атқарады. Нәтижесінде полицейлер көршілес ауылдан күдікті ер азаматты ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті көрші ауылдың жергілікті тұрғыны болып шықты. Ол қорасының маңында жайылып жүрген жәбірленушінің жеті жылқысын көріп, жымқыру мақсатындағы арам оймен ешкімге байқатпастан қорасына кіргізіп алған. Осыдан соң танысына хабарласып, жеті бас жылқыны үш асыл тұқымды жылқыға айырбастап жіберген.
Жедел әрекет еткен полицейлер айырбасталған жылқыларды тез арада тәркілеп алып, иесіне қайтарды. Ал күдікті ер азамат қамауға алынды. Бүгінгі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде ұрланған жылқылардың иесі, яғни арызданушы азамат Келес ауданының полиция қызметкерлеріне тындырымды тірліктері үшін шынайы ризашылығын жеткізіп, алғысын білдірді. Оған қоса елдің алғысын алып, жұмыстарының жемісті болуына тілектес екендігін айтты.
Түркістан облысының полицейлері үй малын қараусыз қалдырмауды ескертеді. Төрт түлікті бақташыға баққызып, қора-жайға бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатуды ұсынады. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарлау қажет.