Ақтөбе облысында электрондық бақылау құралын қасақана бұзған сотталған қамауға алынды
Ақтөбе облысында электрондық бақылау құралын қасақана бұзған пробация есебіндегі слтталған бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Адамдармен топтасып, түнгі уақытта кафеге ұрлыққа түскені үшін сот үкімімен 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне қамалған Мұғалжар ауданының 27 жасар тұрғыны Сот қаулысымен бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігі 1 жыл 9 ай 22 күнге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылып, 2022 жылдың маусым айында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 Пробация қызметінің есебіне алынды.
Пробация қызметіне есепке алу барысында Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметкерлері сотталған азамат А.-ға жазаны орындау тәртібі, сот жүктеген міндеттер мен пробациялық бақылаудың шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, жаза тәртібін бұзған жағдайда бас бостандығынан айырылатынын ескерткен болатын. Бұған қоса, аудандық пробация қызметі сотталғанның түзелу жолына тұруы үшін жұмысқа орналастыру, ішімдіктен емдеу курсынан өткізу және тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында сотталғанмен ылғи профилактикалық әңгімелесулер жүргізіп отырады.
Алайда сотталған пробация қызметкерлерімен өзіне көрсетілген осыншалықты қолдауды ескерместен, ішімдікке салынуын тоқтатпай, аяғына тағылған электронды бақылау құралын қасақана бұзған.
– Сотталған азамат жаза өтеу тәртібін бірнеше рет бұзғаны және пробация қызметкерлері таққан электронды бақылау құралын бұзғаны үшін түзеу мекемесіне қайтарылды, – дейді Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің бастығы Гүлсезім Ешмагамбетова.