Шымкентте автожуу бекетінің жұмысшысы клиенттің ақшасын ұрлап кетті
Шымкентте автожуу бекетінің 20 жастағы жұмысшысы клиенттің ақшасын ұрлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 қазанда сағат 20:55-те Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, көлік жуу орталықтарының біріне Daewoo Gentra автокөлігін жууға беріп, оны алып кетуге келген уақытында көлікте болған 100 АҚШ доллары жоқ екендігін байқаған.
Аталған жайт ҚК-тің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Әл-Фараби АПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Сұрастыру жұмыстары қолға алынып, куәгерлерден жауаптар алынды. Автожуу бекетіндегі және оған жақын маңайдағы бейнебақылау камералары жіті қаралды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты 3 сағаттың ішінде қала аумағында қолға түсті. Ол Түркістан облысы, Кентау қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, автожуу бекетінің жұмысшысы көлікті жуып-тазалап жүріп, қобдишадағы ақшаны ұрлап алған. Содан валюта айырбастау орнына барып, теңгеге алмастырып та үлгерген.
Күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Заңсыз әрекетке қаражат жетіспеушілігінен барғанын айтып, бұл үшін өкінетінін жеткізді.
Қазіргі кезде ұрланған қаржы заңды иесіне толық қайтарылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.