Павлодар облысында егістен шөп ұрлаған күдікті ұсталды
Павлодар облысында егістен шөп ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар ауданының учаскелік полиция инспекторына Айтым ауылының тұрғыны арызданды. Азаматша ауылдан 4 шақырым жерде орналасқан шабындық алқаптарынан 85 жастағы әкесінің қысқа жинаған шөп бумалары жоғалып кеткенін хабарлады.
Істің мән-жайын қараған кезде барлығы 146 бума шөп дайындалғаны, оның ішінде 95 буманы иесі егістіктен шығарып үлгергені, ал қалған 51 бума шөп жоқ болып шыққаны анықталды. Залал шамамен 400 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен ауылдың 36 жастағы жергілікті тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам бұл әрекетін мойындап, ұрланған шөпті өз пайдасына материалдық пайда табу үшін ауылдастарына сатқанын айтты. Ұрланған бумалар тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы іс бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 188-бабының 1-бөлігінде (Ұрлық) көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Күдіктіге қатысты «ешқайда шықпау туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.