Ақтөбе тұрғыны танысының атына заңсыз несие рәсімдеп алған
Ақтөбе тұрғыны танысының атына заңсыз несие рәсімдеп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ақтөбе қаласында тұрғынның танысы қоңырау шалу сылтауымен оның телефонын сұрап алып, оның атына онлайн ақшалай несие рәсімдеген. Несиелік өтінім мақұлданғаннан кейін бірден өз банк шотына ақшаны аударып алған.
Бұл туралы жас жігіт бір апта өткеннен кейін банктен хабарлама келгесін білген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, ер адам ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын шамамен 200 мың теңгені құрады.
Қазіргі уақытта аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар -жоғын тексеруде.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың қулығына түспеуге шақырады.