Кентауда алаяқтықтың 6 дерегіне қатысы бар әйел ұсталды
Кентауда алаяқтықтың алты дерегіне қатысы бар әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Кентау ҚПБ-ның кезекші бөліміне бірнеше қала тұрғыны арызданып, алаяқтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірген. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, бейтаныс әйел оның сеніміне кіріп, мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға көмектесуге уәде берген. Содан кейін ол әйел алаяқтық жолмен 300 мың теңгеден астам ақшаны алдап алып, хабарсыз кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Сол күні полицияға алаяқтықтың айла-амалдарына тап болған тағы бірнеше жәбірленуші арызданған. Қылмысты ашу және алаяқты ұстау мақсатында, полицейлер жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Тәртіп сақшылары қабылдаған шаралардың нәтижесінде күдіктіні анықтады. Аталмыш жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті әйел алаяқтықтың алты дерегіне қатысы бар болып шықты. Ол қайтарымсыз несие алып беремін деген сылтаумен Кентау қаласының тұрғындарынан ақша алған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 1,7 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.