Шымкент тұрғыны көлік радиаторын ұрлап кетті
Шымкент тұрғыны көлік радиаторын ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қазанда сағат 11:58-де Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, қала ішінде жүргенінде өзінің басқаруындағы ГАЗель автокөлігі кенеттен бұзылып, оны жөндеу үшін көпқабатты үйлердің алдына амалсыз аялдаған. Сол арада өзі маңайдан жөндеу құралын іздеп кеткен кезінде белгісіз ер адам айналада адам жоқтығын пайдаланып, жерде тұрған радиаторды ұрлап кеткендігін жазған. Келтірілген шығын көлемі – 30 мың теңге.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардан сұрастырылып, көпқабатты үйлер алдындағы бейнебақылау камералары қаралды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Яғни, ұрланған радиаторды көлік бөлшектерін сататын дүңгіршектердің біріне апарып, 30 мың теңгеге сатып жіберген.
Қазіргі кезде айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.