Шымкент тұрғындары алаяқтарға алданып қалды
Шымкент қаласында алаяқтықтың тағы екі дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс азамат фельдшерлік жұмысқа кіргізіп беремін деп 700 мың теңгесін алып, осы уақытқа дейін жұмысқа кіргізбей немесе ақшасын қайтармай алаяқтық жолмен алдап жүрген.
Аталған жайт бойынша Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, жеткізілді. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азамат заңсыз әрекетке тұрақты жұмысы болмай, қаржыдан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді. Күдікті 26 жаста, бұрын-соңды сотты болмаған.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасында алаяқтықтың тағы бір жайты тіркелді. Арызданушының айтуынша, танысы шағын қаржылық ұйымнан 1,2 млн теңге көлемінде несие шығарып беремін деп сеніміне кіріп, 650 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен.
Аталған жайт бойынша АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, тәулік ішінде ұсталды. Ол Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, ұсталған азаматша бұған дейін еш жерде тұрақты жұмыс жасамаған.
Қазіргі кезде күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі және 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.