Мақтааралда тұрғындардың атына заңсыз несие рәсімдеген жігіт ұсталды
Мақтааралда тұрғындардың атына заңсыз несие рәсімдеген жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мақтаарал полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу 900 мың теңге-ден астам несие алып, банкке қарыз еткен. Біраз уақыт өткен соң қарыздары көбейіп, банктен хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында мақтааралдық полицейлер қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні тұрғылықты мекенжайынан анықтады. Ол жұмыссыз ер азамат болып шықты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.