"Аулада қабылдау" акциясы: Түркістан облысында тұрғындарға құқықтық кеңес берілді
Түркістан облысында халықпен ашық әрі тиімді кері байланысты нығайтуға бағытталған "Аулалардағы қабылдау" республикалық акциясы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция аясында полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ермек Усербаев тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді тыңдады.
Шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан қорғану жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар құқықтық сипаттағы 100-ге жуық ақпараттық-түсіндірме үнпарақтары таратылып, профилактикалық кеңес берілді.
Кездесу барысында тұрғындардың әрбір өтініш пен сауалы мұқият тыңдалып, заң талаптарына сәйкес қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер жауапты қызметтердің бақылауына алынды.
