Қарағандылық полицейлер терминалды бұзып, ақша ұрламақ болған екеуді ұстады
Қарағандылық полицейлер терминалды бұзып, ақша ұрламақ болған екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
28 қазан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің жасағы қала орталығында өздеріне жүктелген міндеттерді атқарды. Сағат таңғы 04:30 шамасында полиция жасағы қала көшелерінің бірінде орналасқан терминалдың маңында күдік тудырған екі азаматты байқаған. Полиция қызметкерлерін көрген азаматтар бірден оқиға орнынан ізін жасырмақшы болған.
Жедел әрекеттер барысында тәртіп сақшыларымен 23 және 30 жастағы екі азамат ұсталды.
Белгілі болғандай, ұсталғандар терминалды бұзып, ішіндегі ақшаны алып кетпекші болған. Алайда тәртіп сақшыларының дер кезіндегі әрекеттерінің арқасында күдіктілер арам ойларын жүзеге асыра алмады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-188 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.