Павлодарда сотталғандар туыстарымен кездесті
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №46 максималды қауіпсіздік колониясында сотталғандар үшін ашық есік күні ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сотталғандар үшін ата-аналарымен, жұбайларымен, бауырларымен және ұзақ уақыт бойы көрмеген балаларымен кездесуге мүмкіндік туды. Мекемеге әр түрлі облыстардан 30-ға жуық туысқандар келді.
Колонияда ашық есік күні соңғы рет пандемия басталғанға дейін өткізілді. Кездесу мекеменің асханасында тәттілермен шай ішу барысында өтті.
– Барлығы бұл күнді асыға күтті. Басты мақсат – сотталғандардың туыстарымен туыстық байланысын сақтау. Мұндай іс-шаралар сотталғандарды түзетуге және мерзімінен бұрын босатуға серпін береді, тәрбиелік маңызы зор, – деді мекеме бастығы Ербол Шәріпов.
Колония қонақтары туыстарымен кездесуден басқа мекеме басшылығына сұрақтар қоя алды. Көпшілікті қызықтырған басты мәселе – ұстау шарттары.
– Әкеммен байланыста боламыз, таксофонмен сөйлесеміз. Біз оны бір жыл бойы көрмедік, бүгін кездесуге Астанадан келдік. Мен футболмен айналысамын, жақсы оқимын, жетістіктеріммен ата-анамды қуантуға тырысамын, – деп бөлісті сотталушының ұлы.