Павлодар облысында ҚАЖ қызметкерлері "Ұлт әуені" шеберлік сағатына қатысты
Павлодар облысында ҚАЖ қызметкерлері "Ұлт әуені" шеберлік сағатына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 наурыз күні Қазақстанда Наурызнама мерекелік онкүндігінің үшінші күні — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні атап өтіледі. Бұл күн қазақ халқының мәдени мұрасын, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптеуге арналған. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға ерекше мән беріледі.
Осы мерекелік күн аясында "Ertis" музейінде "Ұлт әуені" тақырыбында музыкалық шеберлік сағаты өтті. Іс-шараға №44 мекеме қызметкерлері де қатысып, ұлттық қолөнер мен мәдени мұра туралы тың ақпарат алып, қызығушылық танытты.
Шараны қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жасаушы шебер Ғалым Маликов өткізді. Шеберлік сағатының тақырыбы қазақтың белгілі халық шебері Қамар Қасымов болды.

Шеберлік сағаты барысында қатысушылар қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының жасалу тарихымен танысып, олардың дайындалу ерекшеліктері туралы мағлұмат алды. Ғалым Маликов домбыра мен басқа да аспаптарды жасау кезінде қолданылатын материалдар, олардың үнінің қалыптасуы және бұл өнердің ұрпақтан ұрпаққа қалай жалғасып келе жатқаны туралы айтып берді.
Мұндай кездесулер мәдени мұраны сақтауға, ұлттық өнерді насихаттауға және жастардың туған халқының тарихы мен дәстүріне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарынан шыққан әуен – халықтың рухани әлемін, тарихы мен мәдениетін айшықтайтын ерекше мұра. Осындай шеберлердің еңбегі арқылы бұл асыл қазына болашақ ұрпаққа аманат болып қала береді.
