Шымкентте дүкеннен ерлер ұстарасын жымқырған күдікті ұсталды
Шымкентте дүкеннен ерлер ұстарасын жымқырған күдікті ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол 23 тамызда күндізгі сағат 15:35 шамасында өзінің меншігіндегі тұрмыстық-техникалық дүкеніне белгісіз тұлға ұрлыққа түскенін жазған.
Сондай-ақ сауда сөрелеріндегі әрқайсысы 16 325 теңге тұратын үш ерлер ұстарасын жасырын түрде жымқырып, байқатпай ұрлап кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 48 975 теңгені құрап отыр.
Аталған жайт ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Еңбекші АПБ-ға Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Осылайша тәртіп сақшылары күдікті азаматтың тұрғылықты мекенжайын анықтап, басқармаға жеткізді.
Тергеу барысында ұсталған азамат дүкеннен ерлер ұстарасын ұрлағанын толық мойындады. Қазіргі кезде айғақты заттар тәркіленіп алынды.Тергеу амалдары жалғасуда.