Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда мас жүргізуші қамауға алынды

Түркістанда мас жүргізуші қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері “Қауіпсіз түнгі қала” іс-шарасын жүргізу барысында кешкі уақытта жүрісі күдік тудырған Ваз-21099 автокөліктің жүргізушісін тоқтатты. Көлік жүргізушісімен тілдесу кезінде сақшылар оның мас болуы мүмкін екеніне күмәнданып, сараптамадан өткізді.

Сараптама қорытындысы жүргізуші ер азаматтың алкогольді масаң күйде екендігін анықтады. Сақшылар одан әрі қарай анықтау кезінде ер азаматтың бұған дейін соттың үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын білді. Яғни жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. 

Автокөлік бірден айыптұраққа қойылып, жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру