Шымкентте құжатсыз көлік басқарған 79 жүргізуші жауапқа тартылды
Шымкентте құжатсыз көлік басқарған 79 жүргізуші жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті Полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады.
Кезекті іс-шара барысында тәртіп сақшылары түнгі уақытта Әл-Фараби алаңында Toyota автокөлігін тоқтатады. Тексеру барысында жүргізушінің автокөлікті басқаруға ешқандай құжаты болмағандығы белгілі болды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттама толтырылды. Ал тізгіндеген автокөлігі айыптұраққа қойылды.
Айта өтетін ақпарат, Шымкент қаласы бойынша жиырма бір тәулік ішінде құжатсыз көлік құралын басқарған 79 жүргізуші анықталды.