СҚО-да «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр
Полицейлер мен жұртшылық өкілдері «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы шеңберінде серіктестік туралы меморандумдарға қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы шеңберінде «Отбасыдағы зорлық-зомбылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуде «Әйелдер күштері Альянсы», Аналар мен ардагерлер кеңестері, «Қызылжар аналары», «Ана үйі», «Надежда, Вера, Милосердие» қоры, «Қазақ білім ордасы» балалар дамыту орталығы мен Петропавл қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері бас қосты.
Қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин айтып өткендей, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу жергілікті полиция қызметі бөліністері қызметкерлерінің ерекше бақылауында. Учаскелік инспекторлар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, сенім телефондары мен call-орталықтардың нөмірлерін тұрғындарға таратамыз. Қарашаның 25-нен бастап облыста «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр. Оның барысында профилактикалық сипаттағы жұмыстар күшейтілді.
Дөңгелек үстелде офицерлер мен өңірдің белсенді әйелдері пікірлерін айтып, проблемалық мәселелерді көтерді. Сондай-ақ оларды шешу жолдарын ұсынды. Бұдан бөлек, әйелдер мен балалардың, үй-күйсіз жүрген азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған серіктестікті нығайтудағы мәселелерді шешудегі өз ойларымен және тәжірбелерімен бөлісті.
Кездесудің қорытындысы ретінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі, полиция мен «Әйелдер күштері Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі арасында мерзімсіз меморандумға қол қойылды.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы әлі де жалғасып жатыр. Тәртіп сақшылары ескерткендей, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды қайғылы жағдайларға жеткізбей алдын алған жөн. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мамандардың кеңестері мен қажетті көмегін 8 (7152) 49-31-58 (Петропавл қаласы ПБ) және 8 (7152) 61-25-30 (СҚО ПД) телефондары арқылы немесе 150 республикалық call-орталығына, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторына немесе «102» арнасы арқылы алуға болады.