Түркістанда көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Түркістанда жүргізуші куәлігінен айырыла тұра, қайта көлік басқарған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласы патрульдік полиция қызметкерлері өздеріне белгіленген аумақта профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында Түркістан қаласы көшелерінің бірінде Ваз 2107 автокөлік бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кеткендіктен күдік тудырған. Полицейлер жол ережесін бұзған автокөліктің ізіне түсіп, жүргізушіні тоқтатады. Содан жүргізушінің жеке басын анықтап, автокөлікке қатысты құжаттарын анықтау барысында Түркістан қалалық әкімшілік сотының қаулысымен 7 жылға автокөлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Сонымен қатар ол жүргізуші куәлігінен айырылса да, спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғаны белгілі болды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда кінәлі деп танылған күдікті азамат қамауға алынды.