Талдықорғанда мас жүргізуші жол апатын жасады
Талдықорғанда мас жүргізуші жол апатын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда полицейлер 40 жастағы ер адамды ұстады. Ол Audi-100 көлігін басқарған кезде Daewoo Gentra автокөлігімен қақтығысуға жол берген. Медициналық куәландыру жүргізушінің орташа мас күйінде болғанын анықтады. Полиция қызметкерлері ер адамды медициналық айықтырғышқа жеткізуге мәжбүр болды.
Ұсталған адамның автокөлікті басқаруға рұқсат құжаттары болған жоқ. Арнайы база бойынша тексеру кезінде көрші Ескелді ауданының тұрғыны болып шыққан ер адам тамыз айында осындай құқық бұзушылық үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.
– Автокөліктер соқтығысқан кезде апатқа қатысушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бірақ апатқа кінәлі адам бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғандығын ескере отырып, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 346-бабының 2-бөлімінде көзделген тергеу амалдары басталды (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы), – деп хабарлады Талдықорған ҚПБ бастығының бірінші орынбасары Марат Түсіпбеков.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, ұсталған адам белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.