БҚО-да жыл басынан бері 221 шетелдік елден шығарылды
БҚО-да жыл басынан бері 221 шетелдік елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
БҚО ПД көші-қон қызметінің бөлімшелері облыстағы көші-қон ахуалына және шетелдіктердің БҚО аумағында болу режиміне тұрақты бақылауды жүзеге асырады. Жылдың 11 айында сот шешімімен елден 221 шетелдік азамат шығарылды. Сот шешімін ерікті түрде орындау үшін шетелдіктерге 10 күн беріледі. Алайда осы уақыт ішінде бес Тәжікстан азаматы мен үш Өзбекстан азаматы ҚР аумағынан өз бетінше кетпеді және сот шешімін орындаудан жасырынып қалды.
Шығарып жіберу туралы сот шешімін орындау үшін БҚО ПД қызметкерлері сегіз шетелдік азаматты Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына дейін алып жүруді ұйымдастырды. Сондай-ақ облыс аумағында Өзбекстан Республикасының екі азаматы жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүрген. Олар материалдық жағдайға байланысты Отанына өз бетінше кете алмаған.
Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы келісім бойынша көші-қон қызметі бұл азаматтарды Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы консулдығына алып барды. Онда Отанына қайту үшін куәлікпен құжатталды. Одан кейін ҚР мемлекеттік шекарасына дейін еріп жүрді.
БҚО ПД көші-қон қызметі құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша БҚО аумағында болатын шетел азаматтарын тұрақты негізде бақылауды жалғастырады.