Көлік полицейлері жыл басынан бері 400-ден астам такси жүргізушісін жауапқа тартты
Көлік полицейлері жыл басынан бері 400-ден астам такси жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында тиісті тәртіпті сақтау, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
– Жыл басынан бері Көліктегі ПД қызметкерлері қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін 1728 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның 419-ы – заңсыз такси жүргізушісі. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіңің 1-бөлігі 449-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, – деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Мәселен, Алматы 1 станциясындағы Желілік полиция басқармасының қызметкерлері жолаушыларды мазалаған бірден екі таксисті анықтады. Олар қаланың 55 және 65 жастағы тұрғындары болып шықты. Ер адамдар теміржол вокзалының перронында келген жолаушыларға такси қызметін ұсынған. Көлік полицейлері өз қызметтерін ұсынған тағы екі такси жүргізушіні Астана қаласындағы Нұрлы Жол теміржол вокзалында анықтады. Жоғарыда аталған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылды.
– Егер әлгі азаматтар құқық бұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда олар 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін, – деп сөзін толықтырды Айтуғанов.