Бұрынғы жұмыс орнынан 6 млн теңге жымқырған Жетісай тұрғыны сотталды
Бұрынғы жұмыс орнынан 6 млн теңге жымқырған Жетісай тұрғыны сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2022 жылдың тамыз айында Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 188-бабымен қылмыстық іс тіркелген болатын. Онда арызданушы жергілікті тұрғын өзінің сусындар тұратын қоймасына белгісіз біреу кіріп, кассадан 6 млн теңге ұрлап кеткенін көрсеткен.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің (Ұрлық) бабымен тіркеп, қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды.
Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталып, ұсталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлердің тергеу әрекеттері барысында күдікті бұрын сол жерде жүк тасушы болып жұмыс істегені анықталды. Ол ұрлық жасамас бұрын сол күні қойма ішіне кіріп, жұмысшылардың үйіне қайтқанын күтіп, 5 сағаттай жасырынып отырған. Жұмыс уақыты аяқталып, қоймадағылар үйлеріне тарқаған сәтте ешкімнің қалмағанына көз жеткізіп, арам ойын іске асырған.
Яғни, қойманың терезесінен кассаға өтіп, 6 млн теңгені сөмкесіне салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Одан айғақты зат ретінде 1,5 млн теңге алынып, иесіне қайтарылған. Осы іс бойынша жан-жақты тексеру шараларын атқарып, дәлелдемелерді жинақтаған полицейлер іс құжаттарын айыптау актісімен бірге сотқа жолдады.
Нәтижесінде сот үкімімен 23 жастағы жас жігіт ҚР КҚ-нің 188-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қатысты 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.