Ұлытау облысы ПД қызметкері қазақ күресінен әлем чемпионы атанды
Ұлытау облысы ПД қызметкері қазақ күресінен әлем чемпионы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы сарайда қазақ күресінен әлем чемпионаты басталды. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.
Ерлер арасында 82 келі салмақта чемпион атағын қазақстандық Айдын Дартаев жеңіп алды. Полиция қызметкері Айдын Дартаев – Ұлытау облысы Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгері. Самбодан халықаралық дәрежедегі және ҚР спорт шебері. Дзюдодан және қазақша күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы.
2010 жылы Грузияда өткен самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2005 жылы Түркияда өткен дзюдодан әлем чемпионатының жеңімпазы, 2012 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол өткен жылы 2021 жылы Ташкентте (Өзбекстан) самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атағын жеңіп алды. Әріптестері, туған-туыстары, жерлестері Айдынның жаңа жеңістеріне қуанып, бұдан да биік спорттық жетістіктер тілейді.