Алматы полицейі әйел адамды өрттен қалай құтқарғанын айтып берді
Алматы полицейі әйел адамды өрттен қалай құтқарғанын айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын хабарланғандай, патрульдік полиция қызметкері мен жедел жәрдем фельдшері ота салдарынан өздігінен қозғала алмай қалған 31 жастағы әйелді өрттен алып шыққан.
Еске сала кетейік, 18 желтоқсан күні сағат 10:24-те Алматы қаласы Медеу ауданындағы Ахмедсафин көшесінің бойындағы үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама «101» пультіне келіп түскен болатын.
– Бекітілген аумақты патрульдеу кезінде жеке секторда қою түтін байқалды. Оқиға орнына жеткенде қызды байқап қалдық, ол көмекке шақырып жатты. Дереу фельдшерлерге жүгірдік. Бойжеткен үйдің ішінде, терезенің жанында болды. Ол өз бетімен шыға алмады. Фельдшермен бірге қызды үйден алып шыққаннан кейін, ішінде қарт адам болуы мүмкін екені белгілі болды. Содан әйнекті сындырып, ішке кірдік. Түтінге қарамастан, атаны айқайлап шақырып, бөлмелерді аралап шықтым. Бірақ ғимаратта ешкім болмады. Осыдан кейін атаның үйден таңертең ерте шығып кеткені және қыздың бұл туралы білмегені белгілі болды, – деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Бағдат Әшеков.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт аумағы 120 ш.м. құрады. Өрттің басқа ғимараттарға таралу қаупі болды. Өрт 23 минутта өшірілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ ведомствода, полиция қызметкері Бағдат Әшеков пен №10 ССМП фельдшері Тахир Руземов Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментімен марапаттау үшін ұсынылатынын атап өтті.