Алматыда тонау қылмысының бірнеше дерегіне қатысы бар күдіктілер ұсталды
Алматыда тонау қылмысының бірнеше дерегіне қатысы бар күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер қылмыскерлерді «ізін суытпай» ұстады.
– Шабуыл туралы жәбірленушінің өзі полицияға хабарлады. Оның айтуынша, кешкі уақытта Самал шағын ауданында үйіне қайтып келе жатқан кезде белгісіз екі адам оның қолынан телефонын тартып алған. Келтірілген шығын – 330 мың теңге. Біздің бөлімшенің қызметкерлері жедел әрекет етті. Күдіктілер ұсталды. Жауап алып, беттестіргеннен кейін жігіттер өз кінәларын мойындады. Айғақты зат ретінде телефон тәркіленді және процессуалдық тәртіпте иесіне қайтарылды. Ал ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Күдіктілердің осыған ұқсас бұрын жасалған қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр, – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Қазір қаскөйлердің тонау қылмысының бес дерегіне қатысы бар екендігі анықталды. Айтпақшы, олардың бірі бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған.