Жамбыл облысында дүкенге ұрлыққа түскен күдіктілер ұсталды
Жамбыл облысында дүкенге ұрлыққа түскен күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байзақ ауданының полиция бөліміне Сарыкемер ауылының 37 жастағы азаматшасы хабарласып, орын алған ұрлық оқиғасына қатысты жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адамдар оның дүкеніне шатыр арқылы жасырын кіріп, 10 блок темекі мен 500 мың теңге көлеміндегі ақшаны ұрлап кеткен.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері 20 және 22 жастағы екі күдіктіні анықтап, ұстады. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Ұсталған азаматтар кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта күдіктілердің екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің талаптары бойынша мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.