Бірнеше қостанайлық тұрғын алаяқтардың арбауына түсіп қалды
Өткен тәулікте Қостанай облысының бірнеше тұрғыны алаяқтарға алданып қалған. Оларға сеніп, өздерінің жеке деректерін берген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, Лисаков қаласының 45 жастағы тұрғынына WhatsApp қосымшасы арқылы несие ресімдеуге көмек ұсынылды. Алаяқтарға сеніп, ол 90 мың теңге көлемінде жеке қаражатынан айырылды. Жәбірленуші қаражатты терминал арқылы өзі аударып берген.
Алаяқтық бойынша тағы бір арыз облыс орталығының тұрғынынан келіп түсті. Ол банктердің бірінің жалған қызметкерлері несие рәсімдегісі келеді деген сөзге сеніп, өзінің жеке мәліметтерін берген.
Алаяқтар осыны пайдаланып, оның атына 150 мың теңгеге несие рәсімдеген.
Құсмұрын тұрғыны автокөлікті сатып аламын деп алаяқтардың құрбаны болды. Өзін көлік сатушысы ретінде таныстырған алаяқ, сатып алушыдан алдын ала төлем сұраған. Оған жәбірленуші сеніп, банктердің бірінің қосымшасы арқылы 1,5 млн теңге аударған.
Сол сияқты Рудный қаласының 37 жастағы тұрғыны да алаяқтарға алданды. Оның атына 3,3 млн теңге сомасында несие рәсімделген.