Алматы облысында ЖКО-дан зардап шеккендер полицейлерге атқарылған жұмыстары үшін алғыс айтты
Алматы облысында жол апатынан зардап шеккендер полицейлерге атқарылған жұмыстары үшін алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іле ауданының полиция қызметкерлерінің атына Алматы облысының Боралдай кентінде болған ЖКО кезінде зардап шеккендерден алғыс хат келіп түсті.
– Хат авторы полицейлер тарапына, атап айтқанда полиция инспекторы Дархан Қасымшаловқа, сондай-ақ ӘПБ қызметкерлеріне өз жұмысына жанашырлықпен және мұқият қарағаны үшін алғыс білдірді. Әріптестеріміздің жедел жұмысының арқасында кінәлі адам жауапкершіліктен қашып құтыла алмады, – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 31 желтоқсанынан ағымдағы жылдың 1 қаңтарына қараған түні сағат 02:36 шамасында Боралдай кентіндегі сауда үйінің тұрақ алаңында Hyundai автокөлік жасөспірімді қағып кетіп, тұрған автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші оқиға орнынан «ізін суытқан». Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары кінәліні одан әрі жауапкершілікке тарту үшін анықтап, ұстай алды.