Жетісайда жазасын шартты түрде өтеп жүрген сотталған қайта қылмыс жасаған
Жетісайда жазасын шартты түрде өтеп жүрген сотталған қайта қылмыс жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның үйінің ауласында тұрған құны 70 мың теңге болатын Stels велосипедін белгісіз біреу ұрлап кеткен.
Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеуге алынды. Орын алған ұрлық қылмысын «ізін суытпай» ашып, күдіктіні құрықтау бағытында оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетті.
Жетісайлық сақшылар барлық қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, ұрлық болған жерді мұқият қарап шықты. Соның нәтижесінде ақпарат көздері жинақталып, күдіктінің жеке басы анықталды. Ол 2020 жылы ұрлық жасағаны үшін сотты болған, бүгінде жазасын шартты түрде өтеп жүрген ер адам болып шықты. Күдікті велосипедті басқа біреуге үш мың теңгеге сатып жіберген. Велосипед айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Жалпы, өткен 2022 жылы Жетісай ауданында 5 велосипед ұрлығы тіркелген. Велосипед ұрлығының бес дерегі де ашылған.