Түркістан облысында екі велосипед ұрысы сотталды
Түркістан облысында екі велосипед ұрысы сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық соты велосипед ұрлауға қатысы бар екі жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды. Күдіктілер ҚР ҚК-нің 188-бабында (Ұрлық) көзделген қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың жазында Атакент кентінің орталық саябағында күдіктінің бірі Стелс велосипедті ұрлағаны анықталды. Арада бір апта өткеннен кейін ер адам тағы бір велосипедті жымқырған. Ал екінші күдікті болса, жеңіл жолмен пайда табу мақсатында аудан тұрғындарының аулаларынан екі велосипедті ұрлаған.
Жәбірленуші ауыл тұрғындары велосипедтері ұрланғаны бойынша полиция бөліміне арызданды. Тәртіп сақшылары қылмысты ашып, ұрыларды ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары екеуі де бұрын сотталған Мақтаарал ауданының тұрғындарын анықтады. Ұрланған велосипедтер заңды иелеріне қайтарылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жинақталған материалдар айыптау актілерімен бірге заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Нәтижесінде сот күдіктілерді кінәлі деп тауып, олардың біреуіне 4 жыл, екіншісіне 4,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.