Алматыда ұрлық саны азайды
Алматыда ұрлық саны азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық криминалдық полицияның мәліметінше, өткен жылы қалта ұрлығы мен көлік салонынан ұрлық жасау азайған. Қоғамдық орындардағы ұрлық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 6,6 пайызға азайған. Сонымен қатар қалта ұрлығы 2,0%-ға, көлік салонынан ұрлық жасау 63,6%-ға азайды.
Жедел талдау көрсеткендей, автокөліктерден ұрлық жасау әйнекті сындыру, кілт таңдау, құлыпты бұзу және еркін кіру арқылы жасалады. Сондай-ақ 2022 жылы пәтер тонау деректері бойынша 136 эпизодтан астам ұрлық жасағаны дәлелденген 33 қылмыстық топтың қылмыстық әрекеттері тоқтатылған.
Автокөліктердің құлпын бұзу, әйнекті сындыру және бөлшектеу арқылы ұрлықпен айналысқан 20 топ ұсталды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда – сауда орталықтарында, базарларда, қоймаларда, компьютерлік клубтарда және басқа да орындарда жеке мүлікті ұрлаумен айналысқан 153 топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл ретте бөтеннің мүлкін ұрлаудың 638 дерегін жасағаны үшін кінәлі деп танылған 391 ұры ұсталды.