Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда көлікке ұрлыққа түскен жігіт ұсталды

Жетісайда көлікке ұрлыққа түскен жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жас жігіттің айтуынша, түнгі уақытта өзі мініп келе жатқан Opel Astra көлігі бұзылып қалып, көше бойына қалдырып кеткен. Осы аралықта автокөлігіне белгісіз біреу ұрлыққа түсіп, автомогнитоласын, қымбат иіс суын, 20 мың теңге ақшасын жымқырған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгеден асады.

Полицейлер бірден автоұрыны ұстауға қажетті шараларға кірісті. Тәжірибелі тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді, жақын аулалаларды қарап шықты. Ал көліктің ішін қарау кезінде күдіктіге тиесілі телефон табылып, дәлелдеме ретінде алынды. Соның нәтижесінде келесі күні сезіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің танысы болып шықты.

Анықталғандай, сол түні мас халде болған күдікті оңай жолмен ақша табуды ойлаған. Содан түнгі уақытта көліктің қараусыз тұрғанын, көшеде ешкім жоқтығын пайдаланған. Полицейлер одан айғақты зат ретінде ұрланған иіс суды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру