Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының тұрғындары ауылдасының малын ұрлап, сойып алған

Түркістан облысының тұрғындары ауылдасының малын ұрлап, сойып, етін сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері жедел әрекет етіп, аудан тұрғынының малын ұрлап, онымен қоймай сойып, етін сатып жіберген күдікті екі адамды ұстады. Нақтырақ айтсақ, полицияға жергілікті тұрғын арызданып, мал қорасынан төрт асылтұқымды өгізшелерін белгісіз біреулер ұрлап кеткенін хабарлады. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 1 млн теңге.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алды. Сайрамдық тәртіп сақшыларымен қылмысты ашуға бағытталған іс шаралар жүргізіліп, мал ұрыларын құрықтау үшін полициядағы тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиға орны мен оған жақын аймақтар түгел қаралып, көрген-білгендерден жауап алынды. Бейнебақылау камералары тыңғылықты тексерілді.  

Жүйелі жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер, небары 4-5 сағатта күдіктілердің жеке басын анықтады. Тұрғылықты мекенжайынан ұсталған күдікті екі адам жәбірленушінің ауылдастары болып шықты. Полицейлер анықтағандай, сезікті екеу алдын ала сөз байласып, оңай жолмен пайда табуды көздеген. Содан жәбірленушінің қорасына арасына екі күн салып, екі рет ұрлыққа түскен. Ұрлаған ірі қараларды жіппен байлап, жетектеп алыстау аймаққа, яғни көліктерін жасырып қойған жерге апарып, бірден сойып, еттерін сатып жіберген.  Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру