Жетісу облысының автожолдарында 60-тан астам мас жүргізуші ұсталды
Жетісу облысының автожолдарында 60-тан астам мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу полиция қызметкерлері қаңтар айында автокөлікті басқару кезінде алкогольдік ішімдіктер мен есірткі пайдаланған 61 жүргізушіні ұстады. Ұсталғандардың қатарында 4 автоледи бар.
Барлық құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жауапкершілікке тартылды.
15 жүргізуші құқық бұзушылықтың қайталануымен ұсталды, оның ішіндегі 4 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
– Егер құқық бұзушылар жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қандай да бір қауіп-қатер төндіретінін ескерсек, мас күйде көлік басқару үшін жауапкершілікті қатаңдату өте орынды. Қазір заңнамада жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда жүргізушіге қылмыстық жауапкершілік жүктеледі, онда үлкен ақшалай айыппұл, шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген, – деп атап өтті облыс ПД ЖПҚ бастығы Қайсар Мұхметов.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді көлікті басқару кезінде алкогольдік ішімдіктен бас тартуға шақырады. Заң талаптарын елемеу әрқашан қайғылы жағдайға алып келеді.
Құрметті азаматтар, естеріңізде болсын «Көлікті мас күйінде жүргізген адам – қылмыскер»!