Шымкенттер бір айда мас күйде көлік тізгіндеген 85 жүргізуші жазаланды
Шымкентте бір айда мас күйде көлік басқарған 85 жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол көлік оқиғасы, ондағы жол апаттары өздігінен орын алмайды, тиісті ережелердің қандайда бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Осындай әрбір оқыс жайтта – адамдардың өмірі, тағдыры мен денсаулығы тұрады.
Жол апатына ұшырататын, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соқтыратын деректердің дені – автокөлікті аса жылдамдықпен басқарудан бөлек, рөлге мас күйде отырған жүргізушілердің іс-әрекеті және оның салдарынан туындайды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Қала аумағында жыл басынан 85 жүргізуші мас халде көлік басқарғаны анықталды.
Жүргізушілерге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сай олардың мас халде екендіктері белгілі болды.
Полиция қызметкерлері аталған деректерді ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеуге алды.
Жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін қалалық сотқа жолданды. Осылайша алкогольдік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушілер сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.