Петропавлда 25 жастағы қыз есірткі қойып кетуді ұйымдастырған
Петропавлда 25 жастағы қыз есірткі қойып кетуді ұйымдастырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғынына қатысты материалдарды сотқа жіберді. Ол 2022 жылдың қазан айында көпқабатты үйдің ауласында такси көлігінде келе жатқан жерінде ұсталды.
Автокөліктен кристалл тәрізді зат салынған 40 түйіншек тәркіленіп алынды, ол «тұз» деп аталатын синтетикалық препарат болып шықты. Жалпы салмағы 20 грамды құрады. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Тағы 0,5 грамм «тұз» салынған бір түйіншек тұрғылықты мекенжайынан тәркіленді.
– Тергеу қыздың есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірімен байланысын анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа жіберілді. Естеріңізге сала кетейік: баптың санкциясымен 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.