Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылда ерлік жасаған полиция қызметкерлері марапатталды

Жамбылда ерлік жасаған полиция қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Жамбыл облысының полиция департаментінде “Алғыс айту” күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Департаментте бүгінгі таңда 3 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Олар күнделікті қызмет барысында өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, адам өмірін құтқарады. Қазіргі полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиған батырларымыз Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың, Бекжан Тіленчиевтің ізiн жалғастырып келеді.

Сондықтан көктемнің бірінші күні полиция қызметкерлеріне кәсібіне деген адалдығы, батылдығы, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегi еңбектері үшін алғыс бiлдiрiлдi. 

Мерекелік іс-шараға Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Омаров, №24 гимназия директоры Ләззат Қызылқұлова және Қордай ауданы «Вынхуа» дүнген этно-мәдени орталығының төрағасы Айша Идыбо қатысты.

Қонақтар полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтап, алға қойылған міндеттерiнiң сәтті орындалуын, жоғары жетiстiктерге жете беруiн, сондай-ақ елiмiздегi бейбітшілік пен тыныштықтың тұрақтылығын тіледі.

Гулам Омаров үнемі ерiктi түрде қан тапсыратын тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.

– Полиция қызметкерлері шұғыл жағдайда қан құюға мұқтаж жамбылдықтарға көмектесу арқылы ондаған адамның өмірін сақтап қалады. Сондай-ақ донорлық мәдениетті насихаттауда үлкен көмек көрсетуде, – деді Гулам Омаров.

Айша Идыбо Қордай ауданының барлық тұрғындары атынан Жамбыл облысының полицейлеріне мінсіз қызметі және борышқа қызмет етудің жарқын үлгісі үшін риза екендіктерін жеткізді.

– Полицейлер қылмысқа қарсы күресте әрқашан алдыңғы қатарда болады, азаматтардың тыныштығын қорғайды, мемлекетіміздің игілігі үшін қызмет етеді. Сіздердің арқаларыңызда бүгінде біздің өңірдің тұрғындары тыныштықта және бақытты өмір сүруде. Сіздер жанұяларыңызды тастап, тәулік бойы қоғамдық тәртіп пен азаматтарымыздың қауіпсіздігін сақтайсыздар. Сол үшін алғысым шексіз, – деді Айша Идыбо.

Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин өз кезегінде қонақтарға аймақтағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жоғары сенімі мен көмегі үшін алғысын білдірді.

Содан кейін Арманбек Хакимбекұлы қызметтік міндеттерін орындау кезінде батылдық көрсеткен полиция қызметкерлерін марапаттады.

Олардың қатарында жақында ғана Меркі ауданындағы үйде орын алған өртте екі жас баласы бар жүкті әйелді құтқарған аудандық полиция бөлімінің ӘПб жол-техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторлары Данияр Тналиев пен Нұрдәулет Нұрғали, балаларының көз алдында өзіне қол жұмсамақ болған азаматты аман алып қалған Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Азат Болатбек пен Жанаділ Қобжановтардың есімі ерекше аталып өтті. 

Сондай-ақ кәсіпқойлығы мен қызметтегі үздік көрсеткіштері үшін Тараз қаласы ПБ КПб бастығы Мұхит Маханбетов, Тараз қаласы ПБ КПб жедел уәкілдері Ержан Есбай, Әділ Жолсейіт, ал олардың ата-аналары – ұлдарын тәрбиелеу мен оқытуға жұмсаған еңбегі мен шыдамдылығы, таңдаған кәсібіне көрсеткен түсінігі мен қолдауы үшін марапатталды. 

Жамбыл облысы ПД бастығынан  қылмысқа қарсы күрес және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қызметтік міндеттерін абыроймен орындауда немересін лайықты тәрбиелегені үшін полиция капитаны Ержан Есбайдың әжесі – 83 жастағы Ақтолқын Ысқақоваға алғыс хат табыс етілді.

Іс-шара соңында Арманбек Хакимбекұлы барлық қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін де осындай жылы пікірлер ерекше құнды екенін атап өтті. Өйткені халықтың алғысы – бұл біздің қиын жұмысымыздың ең жақсы бағасы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру