Алматы полициясы қару-жарақ сататын дүкендерді тексерді
Алматы полициясы қару-жарақ сататын дүкендерді тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық әкімшілік полициясының мәліметінше, 9 мыңнан астам азаматтық қару иесі тексерілген.
99 заңды тұлға, оның ішінде 6 мамандандырылған дүкенде сақтау шарттары мен тіркеу ережелерінің сақталуы, қызметтік қару мен оларға арналған патрондардың қайта ресімделуі тексерілді.
– Естеріңізге сала кетейік, тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, атыс қаруын қолданумен байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару айналымына тиімді мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында қалада 27 ақпан мен 10 наурыз аралығында жалпы республикалық “Қару” жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Азаматтық және қызметтік қару айналымына тиімді мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету бойынша белгілі бір шаралар қабылданды, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Оның айтуынша, қаруды сақтау шарттары мен тіркеу, қайта тіркеу ережелерін бұзудың 486 дерегі анықталды, нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы бойынша 482 жеке меншік иесі және 4 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін 358 бірлік тіркелген қару тәркіленді.
Сонымен қатар жедел алдын алу іс-шаралар басталғаннан бері тіркелмеген қару-жарақтың 61 бірлігі, жарылғыш құрылғының бір бірлігі, мылтықтан 670 патрон, тегіс ұңғылы қарудан 143 патрон, травматикалық қарудан 11 патрон, бес бірлік суық қару, 9 граната және 276 электрошокерлер заңсыз айналымнан тәркіленді.
ҚР ҚК-нің 287-бабы бойынша тіркелмеген тегіс ұңғылы, газ-травматикалық және газды атыс қаруын заңсыз сақтау дерегі бойынша барлығы 27 қылмыстық іс және ҚР ҚК-нің 482-бабы бойынша алты әкімшілік іс қозғалды.