Жетісу облысында тауып алған телефонды егесіне қайтарған оқушы марапатталды
Жетісу облысында тауып алған телефонды егесіне қайтарған оқушы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл факт Көксу ауданында тіркелді, 7 наурыз күні Балпық би ауылының бір көшесінде 11 жастағы оқушы қыз қымбат ұялы телефонды тауып алып, оны полиция қызметкерлеріне табыстаған. Телефон иесі Талдықорған қаласының 32 жастағы тұрғыны болып шықты, оған жоғалған мүлкі дереу қайтарылды.
Көксу ауданының полиция қызметкерлері 8 наурыз күні мектеп оқушысын тұрғылықты жеріне барып, лайықты тәрбие бергені үшін ата-анасына алғысын білдірді. Жасөспірім арнайы дипломмен марапатталды.
– Оқушы қыз аудандық полиция басшылығы қол қойған грамотамен марапатталды. Сондай-ақ біздің келуіміз 8 наурыз мерекесіне тұспа-тұс келгенін ескеріп, мектеп оқушысы мен анасын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, арнайы гүл шоқтарын тарту еттік. Ата-анасы қызына өнегелі үлгі болып, жақсы тәрбие берген және олар қыздарымен мақтан тұта алады, – деп атап өтті Көксу аудандық полиция бастығының орынбасары Александр Солодовников.