Тараз қаласының аумағында арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр
Тараз қаласының аумағында арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолда жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру мақсатында облыс орталығында патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізілді.
Полиция қызметкерлерімен Тараз қаласының үлкен көшелері мен сауда орталықтары орналасқан көшелерінде жол қозғалысының қарқындылығын ескере отырып, жаяу жүргіншілер өткелдері назардан тыс қалдырылмады. Жүргізілген іс-шара барысында арнайы жолақты жолдан өтуге ерініп, жолдың келесі жағына жүгіріп өтуге әрекет еткен жаяу жүргіншілер тәртіп сақшыларының назарында болды.
Рейдтің алғашқы күнінде тәртіп бұзған 25 адам анықталды.
Жолда жүру ережесін бұзған тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабына (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері аталмыш ережені бұзған 3030 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Жолды жөнсіз кесіп өтіп, жол ережесін бұзатын жаяу жүргіншілерді тәртіпке шақыру бойынша рейдтік іс-шаралар қала аумағында тұрақты түрде жүргізілетін болады.