Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында тергеуші Бекайдар Мұстафинге мемориалдық тақта орнатылды

Павлодар облысында полиция полковнигі Бекайдар Мұстафинге мемориалдық тақта орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы ғимаратының жанында КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, полиция полковнигі Мұстафин Бекайдар Жүнісұлына арналған мемориалдық тақта ашылды. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Павлодар облысы ардагерлер кеңесі мен Ұлттық ұланның төрағасы Бақберды Абраев, департамент басшылығы, туыстары, тергеуші әріптестері және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Салтанатты шараны ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберды Балтабайұлы ашты, ол Бекайдар Мустафинді ерекше ықыласпен еске алды.

– Бүгін Павлодар облысының барлық полиция қызметкерлері үшін айтулы күн. Біз полиция полковнигі Бекайдар Мұстафинге құрмет көрсетеміз. Оның үлкен еңбек өмірбаяны бар. 1945 жылы Ақмола қаласында дүниеге келген, мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы заң институтына оқуға түскен. Ішкі істер органдарында қызметін 1957 жылы бастаған. Әр жылдары Целинный өлкесі ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі, тергеу бөлімінің бастығы, аға тергеушісі болып жұмыс істеді. 1972-1985 жылдары Павлодар облысы ІІБ тергеу бөлімінің бастығы болды. Әдептілік, терең білім, жоғары ұйымдастырушылық қабілет, өз кәсібіне деген адалдық – полковник Мұстафиннің басты белгілері. Бекайдар Мұстафин қылмысқа қарсы іс-қимылға айтарлықтай үлес қосты және тергеушілерді жедел шеберлікке үйретумен тынымсыз айналысты. Тергеу бөлімшелерінің кадрларына үлкен қамқорлық көрсетті. Ол басқарған бөлімше республика бойынша үздіктер қатарында болды. Құқық қорғау органдарында қызмет еткен 35 жыл ішінде тергеу жұмысын ұйымдастыруда көрсеткен бастамасы, аса ірі көлемде ұрлау туралы бірқатар қылмыстық істерді нәтижелі тергегені үшін ІІБ, Қазақ КСР ІІМ және КСРО ІІМ басшылығы оны бірнеше рет көтермелеген. «Мінсіз қызметі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «ІІМ еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, ІІМ және ІІБ Құрмет грамоталарымен марапатталған.1997 жылдың қыркүйегінде ұзаққа созылған аурудың салдарынан полковник Мұстафиннің жүрегі тоқтап қалды, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Бұдан әрі полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов алғыс сөз сөйлеп, полковник Мұстафинге мемориалдық тақтаның ашылуы елдің сенімді тірегі бола отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын күні-түні қорғағандардың жадына сақтайтын ұрпақтардың ажырамас байланысын айғақтайтынын атап өтті.

Іс-шараға қатысушыларға Бекайдар Мұстафиннің қызы Ажардың хаты жарияланды. Бекайдар Жүнісұлын еске алу мемориалдық тақтасын ашу құрметі Рашад Өтеуов пен тергеу қызметінің ардагері, отставкадағы полковник Ертоғай Әбікеевке берілді.    

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру