Жамбыл облысының тұрғындары 900 мың теңгеден астам қаражатқа қару тапсырды
Жамбыл облысының тұрғындары екі күн ішінде 12 атыс қаруын полицияға тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 сәуірден бастап Жамбыл облысында халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша жыл сайынғы республикалық акциясы өткізіледі. Аталған акцияны өткізуге 10 миллион 404 мың теңге бөлінді.
Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне өтініш беруі керек.
Сыйақылардың мөлшерін комиссиялар айқындайды. Ерікті түрде тапсырғаны үшін төлем көлемі қарудың түріне, оның техникалық жай-күйіне байланысты және әр дана қару үшін 30 мыңнан 300 мың теңгеге дейін өзгереді.
– Науқан басталғаннан бері полицияға азаматтардан 9 өтініш келіп түсті, жалпы сомасы 900 мың теңгеден астам 12 атыс қаруы мен 3 патрон тапсырылды. Оның ішінде 2 қару: 6,5 мм калибрлі тапанша және 5,6 мм калибрлі мылтық, 10 тегіс ұңғылы мылтық және 6,5 мм калибрлі 3 патрон, – деді Жамбыл облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Шухратжон Юлдашев.
Жамбыл облысының полиция департаменті заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруға ниет білдірген азаматтар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылатынын ескертеді.