Ақмола облысында «Ақбөкен» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілмек
Ақмола облысында «Ақбөкен» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілмек, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы ПД табиғатты қорғау полициясы бөлімшелері орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, браконьерлікпен байланысты қылмыстарды анықтау, ақбөкендерді заңсыз аулаудың алдын алу және жолын кесу мақсатында 15 сәуір – 15 мамыр аралығында өңір аумағында «Ақбөкен» кең ауқымды республикалық науқаны өткізілетін болады.
Айта кету керек, ақбөкен аулауға мүлдем тыйым салынған жануарлардың түрлеріне жатады және оны атуға мораторий 2024 жылға дейін ұзартылды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері мен мүдделі мемлекеттік органдар ақбөкендердің ең көп мекендейтін жерлері орналасқан жерлерде ғана емес, бүкіл өңірде де тұрақты негізде профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Естеріңізге сала кетсек, ақбөкендерді заңсыз аулау, өндіру, сатып алу, сақтау, өткізу, тасымалдау үшін мүлкін тәркілей отыра 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қылмыстық жауапкершілігіне әкеп соғады. Сонымен қатар мүйізді ақбөкен үшін залал 1500 АЕК (5 млн 175 мың теңге), ақбөкеннің аналығы мен төлі үшін залал 1050 АЕК-ті (3 млн 622 мың 500 теңге) құрайды.